Жаңалық жасауды желілер үйрете ме?

0
7

Жаңалық жасауды желілер үйрете ме?

Белгілі SMM маманы Альберт Османов ақпараттық соғыс тақырыбына арналған бір жиында «Әлеуметтік желілер бұқаралық ақпарат құралдарына жаңалық жасауды үйрететін күнді көрем деп ойламаған едім» деген пікір айтқан болатын.

Бүгінгі оқырманның басым бөлігі ғаламторда отыратынын ескерсек, бұл құбылыстың болуы заңды да шығар. Рас, бүгінде кейбір бұқаралық ақпарат құ­ралдары дереккөз ретінде әлеу­меттік желіге сілтеме жасайды. Тіпті кей БАҚ тек желіде болған шулы жаңалықты ұсынып жатса, кейбірі әлеуметтік желілерге сараптама жасайтын арнайы бағдарламалар да ашып үлгерді. Мамандар әлеуметтік желілер асығының алшысынан түсуін оқырман қызығушылығын қанағаттандыра алумен байла­ныстырады. Осы тұрғыда Альберт Османов «FMCG компания­сының тәжірибесіне қарасақ, олар өздерінің тұтынушыларын зерттеп, соған сәйкес қарым-қатынас түрін белгілейді. Бұл – өте дұрыс. Редакцияның саясаты, қағидасы, қарым-қатынас әдебі, ақпарат беру форматы және тағы басқа белгілер редакция мен аудитория арасында байланыс орнатады. Ал оқырман қызығу­шылығын анықтау тәсілдеріне келетін болсақ, мұнда марке­­тингтік зерттеулер, ашық дерек­көздерді зерттеу, әлеуметтік же­лілердегі немесе басқа ресурстағы мақсатты топтардың қызығу­шылығын сараптау қажет» дейді. Бұл мәселе оң шешімін табу үшін SMM-ші «Екі тарап бір-біріне қызмет етуі керек. Медиа өз тұ­тынушыларын, елде, әлемде болып жатқан оқиғаларды алу үшін желілердің көмегіне жүгінсе, әлеуметтік желі өз тарапынан БАҚ үшін жұмыс жасауға қолай­лы жағдай, құрал-жабдық пен аудитория ұсына алуы қажет. Мұндай серіктестіктің нәтиже­сінде екі тарап та өзіне қажетін алады» деген пікірде. Қай желіні алып қарасақ та, БАҚ үшін ондағы жарияланған жазба, айтылған пікір, талқылаған ауди­торияға дейін маңызды. Яғни бүгінгі БАҚ-тың басым бөлігі әлеуметтік желіге тәуелді деген пікірмен амалсыз келісесің. Бірақ сол желілер БАҚ-қа жаңа­лық жасауды үйретеді дегенмен қаншалықты келісуге болады?

Өркен КЕНЖЕБЕК, журналист:


– Альберт Османовтың пікі­рімен келісемін әрі келіспеймін. Келісетін тұсым – әлеуметтік желі өзінің жаратылу мақсатына сай кім көрінгеннің, яки есті-ессіз, ақылды-ақымақтың да пікірін жариялай беретін конвейер аты­на сай бүгін. Адамзат бала­сының тарихында бұрын-соңды адамға өз пікірін айтуға мұндай мүмкіндік берілмеген… Енді сол нөпірдің ішінде дәйегі көп дә­лелдісіне емес, қызуы басым, эмоциясы шылқығанын тобыр­лық сана сүзіп алып, одан қоғам­дық резонанстың шарын үрлеп жатыр, адамдар да ит сияқты оған үріп жатыр. Сол себепті расымен, тұшымды жазбаларға аз лайк басылып, «Бүгін түнде түсіме бір сұлу қыз кірді. Оның тәнін си­паттайын ба, әлде жанын си­пат­тайын ба?» деген сықпыттағы жазба көп лайк алып жатады. Сон­дықтан әлеуметтік желі жаңалық жасаудың инкубаторына айналды деуге аузым бармайды. Ал соның арасынан елең еткізер дүниені тауып, одан жаңалық жасап жатқан БАҚ-тың бұл жерде кінәсі басым. Бұған тіпті жур­налистиканы кінәлағың да келмейді. Себебі біздегі жақсы деген журналистің тілшілік өтілі ары кетсе 10-15 жылдан аспайды. Яғни оқу орнын жаңа бітірген балаң жастан тәжірибе жинап, атақ жинап, басқа бір салаға не баспасөз қызметіне кеткенге дейінгі кезең. Сон­дықтан басқа ел­дердің жур­на­листи­ка­сындағыдай ересек толқын, өкі­нішке қарай, қалыптаспай жатыр. Жазатынның бәрі – жас. Олардың байланғаны – интернет, көргені – компьютер. Құдықтың түбіндегі бақаға аспан теңгедей көрінеді демекші, сол интернеттен көрген Сайлаубегі, оқыған пос­тынан артық жаңалық жоқтай көрінеді де, соны қайта қорытып жазады не болмаса бір-екі үтірін алып тастап, көшіре салады. Интер­неттегі ақпараттың тым көптігі БАҚ-тағы журналистердің ақпаратты іздеу, оның формасын табу, стилін реттеу деген ізде­ністердің бәрін жойып жіберген сияқты. Мысалы, ел аралап, жер кезіп, репортаж жасауда Яков Федоров, Максим Рожин, этно­графиялық жазбалар жазуда Айжан Хамит, Бақытжан Бұхар­байдан асқан жас журналистерді көрген емеспін. Ал олар – бло­герлер. Сіз жазайын деп тұрғанды біреу жазып қойған соң, қандай шабыт болсын? Қорыта келгенде, БАҚ интернеттің кең тарауымен кері регресске кеткендей көрінеді де тұрады. Мүмкін, мен қателесіп отырған шығармын, солай-ақ болса екен…

Ербол АЗАНБЕК, PR маманы:


– Әлеуметтік желілер шыны­мен де, жаңалық таратуда, қоғамдық пікір тудыруда БАҚ-тан озып кетті. Жаңалықтардың басым бөлігі сапалы, сапасыз­дығына қарамастан әлеуметтік желіде бірінші шығады. Мысалы, кейбір белгілі тұлғалардың па­рақшасынан қоғамдағы маңызды жаңалықтың өтіп жатқанын оқуға болады. Мұны сайттар, сосын радио, газеттер, телеарналар ары қарай таратады. Бұдан көретініміз, БАҚ белгілі бір деңгейде әлеу­меттік желінің тұтыну­шысына айналды. Бұл – интернеттің да­муымен жалғаса беретін нәрсе. Google-дің директорлар кеңесінің төрағасы Эрик Шмидт «алдағы 10 жылдықта әлемде 5 млрд адам интернет тұтынушысы болады» деген болжам айтады. Олардың көпшілігі әлеуметтік желінің тұтынушысы болатыны анық. Неге әлеуметтік желі? Өйткені қазір ақпарат көлемі тым ау­қымды. Science журналы зерттеп, адамзат баласы пайда болған алғашқы 300 000 жылда 12 мил­лиард қана ақпарат жинақ­талғанын, ал 1986 – 2007 жылдар аралығында әлемде 295 миллиард гигабайт ақпарат жинақталғанын айтады. Қазір әр екі жыл сайын осынша көлемде ақпарат өндіріледі. Тым көп. Адамдар осының салдарынан оқу қажет болса қысқа-нұсқа ақпаратты оқып, видеосын көре салғанды, өзінде бар ақпаратты оңай таратқанды жөн көреді. Әлеу­меттік желілер бұл «талапқа» сай болып отыр. Ол ақпараттың дұрыс, бұрысын тексермейді, адамдардың ойын айтуға тыйым салмайды, ешкім редакция­ламайды. Бұл адамдарға ұнайды. Әлеуметтік желілердің алға озып отырғанының себебі – осы. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілер ақ­парат таратудың «орталығына» айналды. Әрине, Facebook сияқты алпауыт компаниялар мұны тиімді пайдалануға тырысады. Жақында Facebook-тің медиа кеңістік жөніндегі директоры Энди Митчелл Signal деген атпен журналистерге арналған плат­форманы іске қосуды жос­пар­лайтындарын хабарлады. Бұл «құрал» журналистерге Facebook пен instagram-дағы түрлі жа­ңалықтарды, оның ішінде тренд­терді, маңызды жаңа­лық­тарды жинақтап береді. Журналист сақтап, болашақта мақалаларына пайдалана алады. Бұдан бөлек кейбір сарапшылар жаңалық сайттарының болашағын жоққа шығаруда. Олар сайт ашып, дамытудың орнына әлеуметтік желіде жаңалықтар парақшасын ашып, дамыту тиімді дейді. Еуропада, Ресейде мұндай жо­балар бар. Шынымен де, олардың оқырманы көп, жаңалық тара­тудағы тиімділігі жоғары. Қар­жылай шығыны аз. Әрі мұндай жобалар әлеуметтік желідегі контенттің белгілі бір деңгейде сапалы болуына әсер етуде. Әрі сайттар оқырманның басым бөлігін әлеуметтік желіден тар­тады. «Сайт ашып, оған оқыр­манды әлеуметтік желіден тартқанша, әлеуметтік желідегі парақшаның өзін тікелей неге қолданбасқа?» дейтін медиа сарапшылар пайда болды. Осының барлығы әлеуметтік желінің ақпарат таратудағы ма­ңызын арттыруда. Сарап­шы­лардың әлеуметтік желілер БАҚ-қа жаңалық жасауды үйретеді дегені осы болса керек. Әлеуметтік желінің басымдығы артып келе жатқаны болмаса әрине, дәл қазіргі уақытта мұны тура қа­былдау қисынсыз. Бұл мәселе сауатын планшетпен ашқан ұрпаққа дейін аса қатты маңызға ие бола қоймайтын шығар. Бірақ ол да алыс емес.

Аршат ОРАЗ, ІТ маманы:


– БАҚ қазір әлеуметтік желі­лермен тығыз байланыста болуға мүдделі. Өйткені қазір ешкім жаңалықты іздеп барып оқы­майды. Жаңалық әлеуметтік желі арқылы адамға өзі келеді. Оқиғаларға, жаңалықтарға да қоғам өз пікірін, реакциясын желі арқылы білдіреді. Яғни әлеу­меттік желі – қоғамның айнасы, қазіргі келбеті. БАҚ мұнымен санасуға тиіс. Сондықтан да жаңалық жасауды әлеуметтік желіден үйренуде. Мысалы, дұрыс тақырып қою арқылы оқырманды тартуды үйренді, мультимедиа арқылы визуал көрініс те адамды қызықты­ратынын түсінді, арнайы парақ­шалар ашып, әлеуметтік желі ішінде кішігірім сайтын ашып қоюды да үйренді.

Дереккөз: aikyn.kz

Leave a reply


Notice: Функция WP_Scripts::localize вызвана неправильно. Параметр $l10n должен быть массивом. Для передачи произвольных данных в скрипты используйте функцию wp_add_inline_script(). Дополнительную информацию можно найти на странице «Отладка в WordPress». (Это сообщение было добавлено в версии 5.7.0.) in /var/www/vhosts/shyraiber.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 5313